Білім

Қазақстанда ұстаздарға арналған жаңа құрмет белгісі пайда болады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі "Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін" құрмет белгісін тағайындауды жоспарлап отыр.
Жаңа марапат еңбек өтілі 25 жылдан асқан мұғалімдерге беріледі.
Министрлік салалық ынталандыру жүйесін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасаған.
"Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін" құрмет белгісі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтеріне беріледі. Төсбелгімен 25 жылдан астам уақыт ұстаздық еткен мұғалімдер марапатталады. Осылайша өз ісіне адал, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға зор үлес қосып жүрген ұстаздарды ынталандырғымыз келеді", – деді оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова.
Айта кетері, оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жалақысын көбейту, есеп беру мен міндетіне жатпайтын артық функциялардан босату бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді.