НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан президенті Әзербайжанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
"Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін өте өзекті мәселелер талқыланып, келіссөздер нәтижесі бойынша бірқатар құжатқа қол қойылатынын атап өтті.
Қазақстан президенті ресми сапар екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенеді.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Ол Қазақстан президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.