НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Отбасы банк пен Қостанай облысының әкімдігі "Жас шаңырақ" тұрғын үй бағдарламасын іске қосады.
Жаңа жоба жас қостанайлықтарға қолжетімді шарттармен жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңде Отбасы банк "Жас шаңырақ" бағдарламасын қаржыландыруға 350 млн теңге бөледі.
Тиісті меморандумға бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қол қойды.
"Отбасы банк жастарға арналған алғашқы тұрғын үй бағдарламасын осыдан бес жыл бұрын Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе бастады, ізінше бұл бастамаға Нұр-Сұлтан әкімдігі қосылды. Биыл бұл бастаманы тағы үш қала қолдап отыр – Қарағанды, Тараз және Қостанай. Жалпы осы уақытқа дейін жастарды жеңілдетілген шарттармен несиелендіруге жергілікті әкімдіктер мен Отбасы банк 58 млрд теңге бөлді. Осылайша өңірлердегі жастардың баспана мәселесі шешіліп жатыр", – деді ""Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Бағдарлама шарттары
Пәтер сатып алуға берілетін кредиттің ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңге (егер үйдің құны 15 млн теңгеден асса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражатынан төлейді).
Бастапқы жарна 10%-тен аз болмауы керек.
Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Қарыз 19 жылға беріледі.
Пәтерді жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үйлерден сатып алуға болады.
Бағдарламаға кімдер қатысады
"Жас шаңыраққа" Қостанай қаласының 35 жасқа дейінгі тұрғындары қатыса алады. Өтініш мемлекеттік немесе бюджеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, әлеуметтік салада, коммуналдық қызметтерде жұмыс істейтін азаматтардан қабылданады.
Бағдарламаға қатысушылардың ресми еңбек өтілі өтініш берген кезде соңғы 12 айдан кем болмауға тиіс. Табысы да есепке алынады. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы шарт (1 күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге).
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
"Жас шаңырақ" бағдарламасына өтініш қабылдау шамамен қыркүйек айында басталады. Нақты күні Қостанай тұрғындарына қосымша хабарланады, деп мәлімдеді Отбасы банктің баспасөз қызметі.