Маңғыстау тұрғынынан 200-ге тарта киік мүйізі тәркіленді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Маңғыстау тұрғынынан 200-ге тарта киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz.
18 тамызда Бейнеу ауылында жедел профилактикалық іс-шара барысында киік дериватын заңсыз тасымалдады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды. Жеке үйді тінту кезінде 198 дана киік мүйізі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Еске сала кетейік, киіктерді заңсыз аулау, иемдену, сақтау, өткізу, тасымалдау қылмысы үшін мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.