Білім

Аймағамбетов камерамен 100% қамтылған мектептер жайлы: бәрі бірдей жұмыс істемейді

Аймағамбетов ішкі істер органдарынан оқу жылының басында мектеп жанындағы кезекшілікті күшейтіп, қажет жерлерге арнайы жол белгілерін қоюды сұрады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Аймағамбетовтің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар мектептер бейнекамерамен 100% қамтылғаны туралы есеп береді, бірақ тексере келгенде елеулі кемшіліктер анықталып жатады. Камералардың бәрі бірдей жұмыс істемейді, қала мектептерінің бір бөлігі жедел басқару орталығына қосылмаған. Министр камералардың саны емес, осы камералардың қанша баланы қамтитыны маңызды екеніне баса назар аударды.
Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты сабақтар өткізеді.
"Қыркүйектің басынан бастап 5 мыңнан астам полиция қызметкері мектептерге барып, профилактикалық сабақтарды бірлесіп өткізеді. Бұған мұғалімдер, директордың орынбасарлары және директорлар белсене қатысады. Оқу жылының басында ішкі істер органдарынан мектеп жанындағы кезекшілікті күшейтіп, қажет жерлерге арнайы жол белгілерін қойып, алдын алу шараларын жүргізуді сұраймыз. Барлық мектеп автобустарын, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерін тексеруді аяқтау қажет. Бұл жұмысты бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын", - деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол кәсіби күзет агенттіктері мектептердің ерекшеліктерін білуі қажет екенін айтты. Онымен қоса, тәжірибелі қызметкерлердің жиі ауыспауы және мектептің ерекшеліктерін білуі үшін оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету керегіне тоқталды.
"Біз бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде шешуді ұсынамыз және білім беру ұйымдарымен жұмыс істейтін лицензиясы бар күзет ұйымдарына қойылатын қазіргі талаптарға жеке тармақ енгіздік", - деді Аймағамбетов.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ведомствоның барлық жеке құрамы оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді. Оқушыларға олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, құқықбұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керегі айтылады. ІІМ басшысы елордалық гимназиялардың біріне өзі де баратынын атап өтті.
ІІМ басшысы әкімдіктер орталық меморгандармен бірлесіп, мектептердегі тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуі қажет екенін айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.