НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жүктемесі азаяды. Негізгі мақсат – оқушыларға сапалы білім беру. Балалар да бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Sputnik Қазақстан жаңа оқу жылында болатын өзгерістерге шолу жасап шықты.
Жазғы демалыс қысқарады
Алдағы оқу жылының негізгі жаңалығы – жазғы каникулдар бір аптаға қысқарады. Енді оқушылар 31 мамырға дейін оқиды. Осылайша, 1-сыныптар 35 апта оқыса, 2-11 (12) сыныптар 36 апта бойы білім алады.
Оқу жылы ішіндегі каникулдар да белгіленді. Олар:
күзгі каникул – 7 күн (2022 жылдың 31 қазаны – 6 қарашасы аралығында);
қысқы – 9 күн (2022 жылдың 31 желтоқсаны мен 2023 жылдың 8 қаңтары аралығында);
көктемгі – 9 күн (2023 жылдың 18-26 наурызы аралығында);
1-сыныптарға қосымша каникул – 7 күн (2023 жылдың 6-12 ақпаны аралығында).
Жазғы уақытта каникул күндерін қысқартудың нәтижесінде құқықбұзушылық азаяды деген болжам бар.
Бес күндік оқу аптасы
Биылдан бастап каникулмен бірге оқу аптасы да қысқарады. Оқу жылын ұзартудың негізгі мақсаты да сол болған.
"Оқу жылының ұзақтығын ұлғайту бір күндегі сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға, "күрделі" тақырыптарды зерделеу қарқындылығын төмендетуге мүмкіндік береді", - дейді министрлік мамандары.
Сөйтіп, алдағы оқу жылынан бастап көбісі бес күндік оқу аптасына ауысады. Дегенмен алты күндік оқумен қалатындар да бар. Мәселен, Нұр-Сұлтанда барлық мектептің 98 проценті бес күн оқиды. Ал төрт мектеп әзірше алты күндік оқу форматында қалады. Себебі ол жерде оқушы көп, барлығы үш ауысыммен білім алып жүр.
Ағылшын тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады
Жаңа оқу жылында 1-сыныптарға үш тіл оқытылмайды. Балалар алдымен өз тілінде оқып, жазуды үйренеді. Артынан басқа тілдерді меңгереді.
Осылайша, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді де, екінші сыныпта орыс тілі енгізіледі. Ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі қатар оқытылады. 3-сыныптан бастап барлығы ағылшын тілін меңгеруге кіріседі.
Жаңа пәндер
Биыл "Еңбекке баулу" және "Бейнелеу өнері" пәндері 1-ші сыныптан бастап оқытылады. Ал 6-сынып оқушылары музыка пәні аясында өз қалауымен домбыра тартуды үйрене алады.
Бұған қоса, мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматқа жазылуға болады.
Ата-аналар жиналысы жаңа формата өтеді
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ата-аналар жиналысын жаңа форматта өткізуге үндеді.
"Барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек. Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудан арылған жөн. Оның орнына жеке, топтық немесе ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді", - деді Аймағамбетов аппарат жиналысында.
Министрдің айтуынша, әрбір ата-анаға мұғалімнен өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы толық ақпарат алатындай жағдай жасау қажет. Ол үшін ата-аналармен қарым-қатынасты жаңаша жүргізу керек.
"Алтын белгі" талаптары күшейтілді
Биылдан бастап "Алтын белгіден" үміткер оқушыға нақты екі талап қойылады. Біріншіден, 9 сыныптың қорытындысы бойынша қызыл аттестат алу керек. Екіншіден, 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша "5" деген баға болуы шарт.
Бұдан бөлек, үміткерлер Назарбаев зияткерлік мектептер базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Тапсырмалар барлығына бірдей болады.
Бүгінде "Алтын белгі" алып жатқан түлектер аз емес. Алайда ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде кейбіреулер төмен ұпай алып жатады. Осыған байланысты үміткерлердің білімін объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың біреуі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді.
Қазақстан тарихы басқаша оқытылады
Биыл сәуір айында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тарих пәнін оқытуға қатысты өзгерістер болатынын айтқан. Біріншіден, Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық оқулықтар болады.
Бұдан бөлек, балалардың білімін осы сабақ бойынша бағалау тәртібі де өзгереді. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.