Қосшыда үш ауысымды мектеп мәселесі қашан шешіледі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапары аясында Ақмола облысының Қосшы қаласында болып, әлеуметтік инфрақұрылыммен танысты.
Вице-преммьер Тоғжанов атап өткендей, 2019 жылдың сәуір айындағы сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қосшы қаласын одан әрі дамыту, оның ішінде үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта қала халқының саны шамамен 65 мың адамды құрайды – бұл облыстық маңызы бар қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл ретте халықтың жыл сайынғы өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсіреді. Осыған байланысты Үкімет пен өңірлік билік қалалықтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
Қалада жобалық қуаты 3,7 мың орындық үш мектеп жұмыс істейді, бірақ оларда 6,8 мың оқушы оқиды. Оқушы орындарының тапшылығы 3,1 мың орынды құрайды. Үш ауысымды оқытуды жою үшін 3 мектептің құрылысы жүргізілуде.
1 қыркүйекте жаңа мектеп өз есігін ашады, бұл оқушы орындарының тапшылығын 77%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Ералы Тоғжанов 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысын жеделдетуді тапсырды, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл мектеп "Лесная поляна" тұрғын алабында орналасқан негізгі мектепке жүктемені азайтады, онда 4,6 мың бала оқиды (жобалық қуаты 2,4 мың орын). Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Премьер-Министрдің орынбасарына келесі жылы тағы 2 мектеп іске қосылатынын, оның біреуі жеке инвестициялар есебінен салынатынын хабарлады.
Қосшы қаласының мектептерінде үш ауысымды оқыту мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық шешілетін болады.
"Мемлекет басшысы оқу орындарында жайлы жағдай жасауды тапсырды. Оны іске асыру үшін Үкімет үш ауысымда оқытатын мектептерде екі ауысымдық оқыту форматына көшу мәселелерін шешуде. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында мәселе өз шешімін табады", — деп атап өтті Тоғжанов.