НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Қазіргі уақытта Қазақстанның 7386 мектебінде бейнебақылау жүргізіліп жатыр. Стационарлық "дабыл түймесі" 3514, мобильді түйме 1212 мектепте орнатылған. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
"Елордадағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және облыс орталықтарындағы негізгі камералардың жазбалары тікелей полиция бөлімшелеріндегі жедел басқару орталықтарына қосылған. "Полицияға қосылған" мектептер саны біртіндеп артып жатыр", - деп хабарлады министрлік.
Бейнежазба арқылы мамандар оқушылардың әңгімесін, буллинг, "қақтығыстарды" қарап, ажырата алады. Егер тәртіп сақшылары күмәнданса, олар дереу мектепке полиция жасағын жібереді.
Сонымен қатар көптеген мектеп "дабыл түймелерімен" жабдықталған. Олар стационарлық немесе мобильді болуы мүмкін. Оны мұғалім немесе оқушы қолдана алады. "Дабыл түймесі" іске қосылған кезде де мектепке полицейлер келеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 7 550-ге жуық мектеп бар, онда 3,6 миллионға жуық оқушы оқиды.