Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин кеңесте маңызды құжаттардың бірі – Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленетінін айтты.
"Тұжырымдама жастар саясаты бағытындағы негізгі құжатқа айналады. Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде жыл сайынғы "Жастар" ұлттық баяндамасының талдамалық деректері, тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер, сараптамалық және қоғамдық пікірталастар барысында қалыптасқан ұсыныстар мен ұсынымдар пайдаланылады", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Жастар саясаты жөніндегі кеңесте жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өзінің өткен жылғы "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына жолдауында "Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың тамырына балта шабады" деп атап өтті.
Талқылауға кеңес мүшелері, сондай-ақ ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, "Соль" деректі фильмінің режиссері және продюсері Ринат Балғабаев қатысып, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес пен оған қарсы іс-қимыл, нашақорлықтың алдын алу және емдеу мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сондай-ақ кеңес отырысына салалық ҮЕҰ өкілдері мен сарапшылар белсенді қатысып, нашақорлықтың алдын алу бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар үшін ақпараттық-профилактикалық жұмысқа жұртшылықты белсенді тарта отырып жүзеге асырылатын нақты ұсынымдар әзірленді.