Павлодар тұрғындары көлік жүргізу сабағын заңсыз өткізгені үшін жазаланады
ПАВЛОДАР, 22 тамыз – Sputnik. Павлодарда көлік жүргізу сабағын заңсыз өткізген жастар ірі көлемде айыппұл төлейді, деп хабарлады Polisia.kz.
Бір күн бұрын сағат 23.50-де жол патрулі әуежайдан Павлодар бағытында келе жатқан жолда Toyota көлігін тоқтатқан. Көлікті жүргізуші куәлігі жоқ 19 жастағы бойжеткен айдағаны белгілі болды.
Бойжеткеннің айтуынша, жолаушы орындығында отырған жас жігіт оған көлік жүргізуді үйретіп келе жатқан.
Полицейлер көлік жүргізуді тек автомектеп нұсқаушылары ғана үйрете алатынын жастарға түсіндірді.
Заңды бұзғаны үшін куәлігі жоқ жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 612-бабының 2-бөлігімен (Көлікті басқаруға құқығы жоқ адамның көлікті басқаруы (көлікті жүргізуді үйрететін әрекеттен басқа), сондай-ақ тиісті санаттағы көлікті басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап бойынша 20 АЕК (61 260 теңге немесе 128 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ аталған Кодекстің 230-бабының 2-бөлігі бойынша (Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес мұндай міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасамауы) бұл құқықбұзушылық үшін айыпты тұлға 10 АЕК (30 мың 630 теңге немесе 64 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл төлейді.
Сонымен қатар нұсқаушы қызметін атқарған автокөлік иесіне қатысты 612-баптың 5-бөлігі (Көлік жүргізу құқығы жоқ адамға көлікті басқаруға беру) бойынша хаттама толтырылды.
Бұл заңбұзушылық үшін 50 АЕК (153 150 теңге немесе 320 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынады.
Көлік айып тұрағына қойылды.
Айта кетері, жыл басынан бері Павлодарда көлік жүргізу құқығы жоқ 413 жүргізуші анықталған.