НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. "Астана – жаңа қала АЭА" индустриялды паркінің аумағында "ВМП Астана" лак және бояу шығаратын зауыттың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Kazakh Invest ұлттық компаниясы.
Зауытта қуаттылығы жылына 5 000 тонна коррозияға және өртке қарсы жабындар шығару өндірісі жолға қойылған.
Нысанның ашылу салтанатына индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев, "Kazakh Invest ұлттық компаниясының сервистік қолдау департаменті директорының орынбасары Марат Есенов қатысты.
Зауыт құрылысы 2018 жылы басталған.
Жобаны 1991 жылы Екатеринбургте құрылған ресейлік "ВМП" ғылыми-өндірістік холдингі" ЖАҚ компаниясы жүзеге асырды. Холдинг металл мен бетонды ұзақ уақыт қорғауға арналған лак-бояу материалдары нарығында жетекші орын алады. Олардың иелігінде 70-тен астам өзіндік әзірлеме өнімдері бар. Арамиль, Санкт-Петербург пен Нұр-Сұлтан қалаларындағы үш зауыт жылына 25 мың тонна өнім шығарады. 2500-ден астам тұрақты тапсырыс беруші кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Газпром, Роснефть, Транснефть, ЛУКОЙЛ, СИБУР, ЕВРАЗ, UMMC, Норильск никелі, РусГидро, Розенергоатом, Роскосмос бар.