НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Ақтөбедегі арнайы операцияның мән-жайын баяндады. Анықталғандай, азаматтарға жүргізуші куәлігін 200 мың теңгеге сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарға 200 мың теңге сыйақы үшін жүргізуші куәлігін алып берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Топ мүшелері – мамандандырылған ХҚКО-ның қызметкерлері.
Теориялық емтихан тапсыру кезінде ХҚКО қызметкерлері емтихан тапсыруға арналған сыныпқа кіреберісте белгілі бір кандидаттарды металл іздегішпен тексермей, тізім бойынша кедергісіз өткізіп отырған.
"Емтихан тапсырушы құлапқаптармен, микрофонмен және камерамен жабдықталып, компьютер сыныбына өтіп, мониторда шыққан сұрақтарды қылмыстық топтың мүшесіне көрсетіп отырған. Ал ол өз кезегінде жалдамалы пәтерде отырып, оған дұрыс жауаптарды нұсқаған", - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ топтың тағы бір мүшесі емтихан кезінде көрші кабинетте отырып, оларды роутердің көмегімен интернетпен қамтамасыз еткен. Осылайша азаматтар тесті заңсыз тапсырып, жүргізуші куәлігін алған. Жалдамалы пәтерді тінту кезінде полиция 6 690 000 теңге, 1800 АҚШ долларын тәркіледі.
Бұған қоса мини-құлаққаптар, кішкентай бейнекамералар, камералары бар емтихан тапсыруға арналған жилеттер, қуаттау құрылғысы және тағы да басқа заттар тәркіленді. Сонымен қатар жеке тексеру кезінде емтихан тапсыруға келген бір адамнан марихуанаға ұқсас өсімдік тектес зат табылды.
Арнайы операция барысында мамандандырылған ХҚКО-ның ауласында өз кезегін күтіп тұрған, өзіне қажетті техникамен жабдықталған тағы бір азамат ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстық схемаға тартылған адамдардың әрекеттері құжатталды және тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.