НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз – Sputnik. Кіші Алматы өзенінің жағасынан қару қоймасы табылды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, қару-жарақ қоймасы ЛА-155/18 мекемесінің жедел-іздестіру бөлімінен түскен ақпарат бойынша табылды. Қаруды кіші Алматы өзенінің жағасында жасырған. Оның ішінде 12 калибрлі ИЖ-27 мылтығы, пневматикалық тапанша, 6 шулы граната мен 36 оқ-дәрі бар.
Қазіргі кезде Қазақстан Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-тармағы (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа) оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бапта 5 000 айлық есептiк көрсеткiшке (15 900 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетері, бұған дейін алматылық полицейлер Жамбыл облысының 27 жастағы тұрғынын қамауға алды. Одан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған мылтық тәркіленді. Ұсталған жігіт бұған дейін қарақшылық жасағаны үшін сотталған. Осы жолы кінәсі дәлелденсе, бес жылдан он екi жылға дейiн бас бостандығынан айырылады.