Қаңтар оқиғасы

Таразда қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 17 адамға сот үкімі шықты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Тараз қаласының №2 соты қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін кінәлі деп танылған 17 азаматқа үкім шығарды.
Олар қызметтік орын-жайға заңсыз кіріп, ұрлық жасады деп айыпталды.
Сот анықтағандай, 5-нен 6 қаңтарға қараған түні Г., Ә., Б., Б., А., Қ., С., Б., Ш. жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан: күш қолданған, қиратқан, мүліктерді бүлдірген.
Ш., Ш., А., П., С., М., Е., Ш. жағдайды пайдаланып қызметтік орын-жайға (нақты қайда екені айтылмаған) кіріп, ұрлық жасаған. Ал А.есімді азамат ұрлық жасауға оқталған.
Прокурор барлық 17 сотталушыны шартты түрде екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыпталушылар кінәсін мойындады.
Сот жасалған қылмыс ауыр санатқа жатады деп шешті, бұл үшін екі жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бірақ судья сотталушылардың өз ісіне өкінетінін және қылмысқа төтенше жағдай кезінде барғанын ескерді.
Осылайша тәртіпсіздікке қатысқан сегіз адам (Ш., Ш., А., П., С., М., Е., Ш.) шартты түрде үш жарым жылға, тоғыз адам (Г., Ә., Б., Б., А., Қ., С., Б., Ш.) төрт жылға, ал А. екі жылға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.