Қоғам

Лаоста құлдыққа түскенін айтқан қазақстандық қыздың жағдайы белгілі болды

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі отандасымызға елге оралуға көмектеседі
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Лаоста құлдыққа түскенін мәлімдеген қазақстандық Әнел Бермағанбетованың мәселесімен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр.
СІМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, 19 тамызда отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы айтқан.
"Қазақстанның Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен тиісті келіссөздер өтеді", - делінген хабарламада.
Ведомство қазақстандық қызға еш қауіп төніп тұрмағанын, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланыста екенін атап өтті. Қыздың айтуынша, құжаттары мен телефонын ешкім тартып алмаған, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған.
Қазақстандық Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша өз еркімен барған. Айтуынша, егер ол ұшуына, тұруы мен басқа да шығындарға жұмсалған ақшаны өтесе, жұмыс берушілер оны жіберуге дайын.
"Бұл мәселе біздің Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауында. СІМ және Вьетнамдағы Қазақстан елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді", - деп сендірді СІМ.
Министрлік шетелге жұмысқа баруды жоспарлап жүрген азаматтардан құжаттар мен келісімшарттарды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды.
Бұған дейін қазақстандық Әнел Бермағанбетова Лаос мемлекетінде құлдыққа түскенін мәлімдеген еді.
Желі арқылы жақсы қызметпен алдаған жұмыс берушілер оны шалғай жатқан ауылға апарып, күштеп ұстап отыр. Әнел ғаламторға шығып, жеке парақшасында басына түскен жағдайды баяндап үлгерді.
Қазақстандық актриса Лаоста құлдыққа түскенін мәлімдеді