НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Сочиде екі ел басшыларының кездесуі қалай өткенін айтты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына көңілі толатынын жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айрықша достық атмосферада өтті", - деп жазды Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті.
Мемлекет басшылары өздерінің деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді. Президенттер тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге құрметі мен қонақжайлығына шынайы ризашылығын білдірді.
Айта кетері, кеше, 19 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиге жұмыс сапарымен барды.