НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі өздерін инвестициялық компания ретінде таныстыратын алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін хабарлады.
Қаскөйлер түрлі сайт пен жарнамалық роликтер жасайды, сондай-ақ мобильді қосымшалар әзірлеп, телефонға орнатып алуды сұрайды. Алаяқтықпен айналысатын мұндай ресурстар екінші деңгейлі банктермен, Ұлттық банкпен немесе басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген жеке тұлғалардың қаражатын тарту секілді бағдарламаларға қатысуға үндейді.
"Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырыспайды және мәмілелер жасаспайды. Сонымен қатар табыс табуға негізделген қандай да бір платформаларды әзірлеуге қатыспайды", - деп ескертті Ұлттық банктегілер.
Алаяқтардың сайтында өтініш қалдырған кез келген адам ақшасынан айырылып қалуы мүмкін. Өйткені алаяқтар оның жеке деректерін алып, қоңырау шалып, ақшаны өз реквизиттеріне аударуға көндіреді. Ал олардың қолына түскен қаражатты кері қайтару процедурасы ұзақ әрі күрделі, кей жағдайда тіпті мүмкін емес.
Алаяқтарды қалай анықтауға болады:
сайттар аз уақыт ішінде инвестициядан көп әрі тұрақты пайда табуға кепілдік береді;
қандай да бір байланыс дерегі болмайды;
ресми мемлекеттік тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларының суреттері мен ойдан құрастырылған мәлімдемелері келтіріледі; жалған лицензияларды немесе құқық белгілейтін құжаттарды пайдаланады;
мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің немесе ұлттық компаниялардың логотипі мен атауы шын болуы мүмкін. Алайда заңды тұлғалардың, соның ішінде Ұлттық банктің мұндай алаяқтық платформаларына еш қатысы жоқ.
Жарияланған ақпаратты тексеру үшін қаржы институтының немесе банктің ресми нөміріне қоңырау шалу керек. Ал егер күмәнданып тұрсаңыз, қаржы мекемесіне барып, қызметкермен сөйлескен абзал.
Активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.