НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті көшеде түкірген адамдарды қалай анықтайтынын көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетері, 17 тамызда мәслихат депутаттары қоғамдық орындарда, соның ішінде көлікпен жүріп түкіргені үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін көтерген.
"Қазіргі кезде ондай бұзушылықтар автоматты түрде бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Сондай-ақ,, полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды тікелей анықаса, я болмаса, азаматтардан шағым түскен жағдайда тиісті шара қолданылады", - дейді полицейлер.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 бабы бойынша 5 АЕК (15 315 теңге) мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Ал құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшерін екі есеге (30 630 теңге) артады. Оны 7 күннің ішінде төлесе, айыппұл мөлшері екі есеге қысқарады.
"Кеше ғана 17 бұзушылық анықталды, ал түнде 6 адам жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін жауапқа тартылды. Егер сіз құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, оны түсіріп алып, "102" телефон нөміріне немесе мобильді қосымша арқылы хабарлап айтуыңызды сұраймыз", - деп атап көрсетті департамент мамандары.