Киевте билік үшін талас басталды

Sputnik
Украин оппозициясы Владимир Зеленскийге қарсы күш біріктіріп жатыр. Билік жылу маусымын еш дайындықсыз қарсы алатын қыста ауқымды саяси дағдарыс басталуы ықтимал, деп жазды РИА Новости.
Киев мэрі Виталий Кличко өзінің оппозицияға кететінін мәлімдеді. Ол қазірдің өзінде шетелден қолдау алғанын айтты: ағасы Владимир Кличко Германия үкіметімен гуманитарлық мәселелерді тиімді шешіп жатыр. Бұрынғы боксшы өзінің жеке сенім рейтингін 63 процентке, ал "УДАР" партиясыныкін 31 процент деңгейінде бағалайды.
Оның айтуынша, Кличко Ресейдің арнайы әскери операциясы туралы білген. Сондықтан әскери іс-қимылға дайындалып, халықты қақтығыстың ұзақ созылуына дайындалуын насихаттаған. Ал Зеленский украиндер мамырда-ақ мамыражай бейбіт күнге қайта оралады деп уәде етті. Бокстан бұрынғы әлем чемпионы ресейліктердің ешкімнен жасырынбай, Беларусьте оқу-жаттығу өткізіп, содан кейін Киевке еш қиындықсыз жеткеніне, ал биліктің осыған қатысты ешқандай әрекет жасамағанына наразылық білдірді.
Кличко Зеленский сенім білдірген кейбір тұлғалар украин астанасына шабуыл кезінде қашып кеткенін айтты. Сонымен қатар, президент әскери әкімшіліктің басшысын Киевте басшы ретінде тағайындағанымен, әлі де барлық мәселеге мэр жауапты. Себебі, ол халық сайлаған сенімді тұлға.
"Осыған қарамастан Зеленский Кличконы Мадридтегі НАТО саммитіне жібергісі келмеген, бірақ президент кеңсесі онымен бір-екі рет ғана байланысқа шыққан. Премьер-министр Денис Шмыгаль да оған көңіл аудармайды. Есесіне, президент әкімшілігінің басшысы, жергілікті және аймақтық билік конгресін басқаратын Андрей Ермак Украинаның барлық қаласын орталыққа бағындыруға тырысып жатыр. Өз кезегінде Кличко Украина қалалары қауымдастығының басшысы ретінде өзін-өзі басқаруға рұқсат беруді талап етіп отыр", - деп жазды мақала авторы.
Кличко Зеленский командасы боксшының неміс төлқұжатына байланысты оны ел азаматтығынан айырамыз деп қысым көрсеткенін, бірақ өзінде шетелдік азаматтық жоқ екенін айтты. Бұған бұрынғы боксшының шетелге кетіп, қайта орала алмаған Днепр әскери-азаматтық әкімшілігінің басшысы Геннадий Корбанға құжаттарын қайтаруды талап етуі себеп болған.
Корбан - Игорь Коломойскийдің ортасынан шыққан адам және оның да азаматтыққа қатысты проблемасы бар. 2019 жылы БАҚ кәсіпкердің Донбасс, Днепр, Запорожье, Одесса, Харьков және басқа да облыстардың басшыларының басын қосатын "мэрлер партиясын" құрғалы жатқанын хабарлады. Ал Кличко өзін-өзі басқаруды қайта қозғап жатқанын ескерсек, ол жоба тағы қолға алынуы ықтимал.
Енді Порошенкоға келсек, экс-президенттің парламентте ең үлкен оппозициялық фракциясы ("Еуропалық ынтымақтастық"), АҚШ және Еуроодақта сенімді байланыстары бар. Теориялық тұрғыдан алғанда ол Кличкомен келісімге келе алады. Себебі 2015 жылы олар аз уақытқа күш біріктірді.
Дегенмен, Порошенконың президент орындығына қайта оралуының мүмкіндігі өте аз. Ол тіпті шетелге зорға шыға алады.
Бұрынғы президент жақтастарына да оңай тиіп жатқан жоқ. Мысалы, Зеленскийдің "Слуга народа" партиясының депутаты Марьяна Безуглая Украина Қауіпсіздік қызметінен ел билігінің арасына жік салуға тырысып жатқан экс-президентті қолдайтын еріктілер мен саясаткерлер желісінің қызметін тексеруді талап етті. Олар барлық жетістіктерді армияның қолбасшылығымен, ал сәтсіздіктерді Зеленскиймен байланыстыруға әрекеттеніп жатыр және бұл Мәскеудің мүддесі үшін жасалып жатыр.
Украина Қауіпсіздік қызметі елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруды қолға алған ауқымды ботоферма жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Украиналық БАҚ мұны Порошенкоға жасалған кезекті шабуыл деп қабылдады.
Ведомствоның хабарлауынша, Украинаның белгілі бір саяси партиясы жалған аккаунттарды пайдаланып, әлеуметтік желілерде 400 мыңға жуық аудиториясы бар топ құрып, Зеленский мен Украина Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный арасында жанжал тудыруы тиіс ақпарат таратқан.
Жалпы украиналық БАҚ Зеленский оппозициялық қызметті қарсыласқа қолдау көрсетуге теңестіріп жатқанына наразы. Мысалы, "За жизнь" атты оппозициялық платформаға тыйым салып, оның көшбасшыларының бірі – Виктор Медведчукты мемлекетке сатқындық жасады деп абақтыға жапты
Саясаткер Ростислав Ищенко Кличконың оппозицияға кетуіне президент кеңсесінің азаматтықтан айыру туралы қысымы себеп болғанына сенімді.
"Зеленский көп уақыттан бері Киевке өзіне жақын адамды басшы етіп тағайындауды көздеп отыр. Себебі Украина экономикасы арнайы әскери операция салдарынан күрт қысқарды. Ал Кличко қоғам назарын өзіне аудару арқылы қорғануға тырысып жатыр", - дейді сарапшы.
Аналитиктер Украинадағы саяси жағдай суық ауа райының басталуымен ушығады деп есептейді. Билік жылу маусымын қамтамасыз ете алмайтынын жасырмай отыр.
"Жоғарғы бас қолбасшымен байланысудан қашатын саясаткерлердің саны көбейіп келеді. Қысқа қарай жағдай айтарлықтай нашарлайды. Кличко үйдегі суық батареяларға жауапты болғысы келмей, оны президентке жүктеуге тырысып жатыр", - дейді саясаттанушы Александр Дудчак.