НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Павлодар облысында мүгедектігі бар адамдарға бөлінген ақшаны ұрлаған қоғамдық бірлестіктің басшысы сотталды.
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облыстық департаменті ымдау тілі маманының қызметін көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында "Новая жизнь 2030" және "Жүрек жылуы" қоғамдық бірлестіктері 2019-2022 жылдар аралығында Екібастұз қаласының әкімдігімен ымдау тілі маманының қызметін көрсету бойынша жалған мәмілелер жасағаны анықталды.
"Алайда мүгедектігі бар жандарға нақты қызмет көрсетілмеген. Бұл үшін бюджеттен бөлінгеннен әлдеқайда аз жалақы алатын бөгде мамандар тартылған. Мемлекетке 10 миллион теңгеге жуық шығын келді",- деп хабарлайды агенттік.
Сот үкімімен қоғамдық бірлестіктер басшысының 3,5 жылға бас бостандығы шектелді.