НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қазақстанда кеңсе тауарлары бір жылда 12,3%-ке қымбаттады. Бірқатар өңірде баға 30%-тен астам өскен, деп хабарлайды Energyprom.kz.
Өңірлер арасында қымбатшылық, әсіресе, Түркістан облысында (50,1%) қатты сезіліп тұр. Атырау (31,1%) мен Ақмола (14,7%) облыстары, Алматы қаласында да (14,5%) баға едәуір өскен.
Ең төмен жылдық өсім Жамбыл облысында тіркелді: небәрі 1,2%.
Мысалы, сурет салуға арналған альбом бір жыл ішінде 14,1%-ке, шарик қаламдар 13,2%-ке, түрлі-түсті қарындаштар жиынтығы 12,1%-ке, дәптерлер 12%-ке, А4 қағазы 10,6%-ке қымбаттаған.
Жалпы биыл шілде айында білім беру қызметтерінің бағасы 11,5%-ке көтерілді. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің бағасы бір жылда 7,1%-ке, орта білім — 6,8%-ке, кәсіптік орта білім — 11,7%-ке, жоғары білім — 17,7%-ке, ересектерге арналған білім 10,7%-ке өсті.
Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсімі Атырау (50%-ке), Павлодар (19,4%) және Шығыс Қазақстан (19,1%) облыстарында байқалып отыр.