Экономика

Теңізшевройл Қазақстан нарығына қосымша 2,6 млрд текше метр газ бағыттайды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Шеврон" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдады.
Кездесуде "Шеврон" компаниясының Қазақстанмен алдағы уақыттағы өзара іс-әрекетінің негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы мен Майкл Уирт әлемдік энергетика нарығындағы жағдай туралы пікір алмасты.

"Президент "Теңізшевройл" компаниясының қосымша 2,6 миллиард текше метр газды ішкі нарыққа бағыттау туралы шешімін құптады", - деп хабарлайды Ақорда.

Сондай-ақ "Шеврон" компаниясының мұнай-химия саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу перспективалары мен Қарашығанақ кен орнының өндіріс қуатын одан әрі кеңейтудің жоспары қарастырылды.