НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. "Артспорт" бағдарламасы аясындағы қызметтердің сапасын арттырып, балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіледі.
Бұл туралы бүгін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап беру барысында айтты.
Қазіргі уақытта бағдарлама платформасын Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Кейбір балалар үйірмелер мен спорттық секцияларға бармаса да, қызмет көрсетушілердің құжаттарында тіркеліп тұрады, олар өз кезегінде әр бала үшін мемлекеттен ақша алып отыр. Әрі сапа мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Балалар жаттығатын орындарға қойылатын талаптарды күшейтіп жатырмыз. Ол – ғимараттың санитарлық жағдайы, өрт қауіпсіздігі, бейнебақылау камералары, спорттық және басқа да жадбықтардың болуы", - деді министр Дәурен Абаев.
Министрдің сөзінше, мұның барлығы балалардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі үшін жасалады.