Бакиев пен Атамбаевтың зәулім үйлері мүгедектерге беріледі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қырғызстанның бұрынғы президенттері Құрманбек Бакиев пен Алмазбек Атамбаевтың коттедждерінде балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады, деп хабарлады 24.kg порталы.
Елдің еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің мәліметіне сәйкес, оңалту орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Қырғызстанда 200 мың мүгедек адам тіркелген. Олардың 35 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.
"Республикада мүмкіндігі шектеулі азаматтар оңалту қызметімен толық қамтамасыз етілмеген. Сол себепті бұрынғы президенттер Құрманбек Бакиевтің Жібек Жолы даңғылындағы үйінде және Алмазбек Атамбаевтың Қой-Тас ауылындағы үйінде тәулік бойы жұмыс істейтін балаларға арналған оңалту орталықтары ашылады. Бұл үйлер мемлекет меншігіне берілген болатын", - дейді министрлік мамандары.