НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Қазақстандық әскерилер Халықаралық армия ойындарында "Артиллериядан оқ ату шеберлерінің" түнгі спринт кезеңінде топ жарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан командасы барлық тапсырманы 10 минут 33 секундта орындап, үздік нәтиже көрсетті. Әзербайжан әскери қызметшілері екінші орында (14 минут 15 секунд), ресейлік артиллеристер үшінші орыннан (16 минут 01 секунд) көрінді.
Айта кетері, Мәскеу маңындағы "Алабино" полигонында "Танк биатлоны" байқауының екінші экипаждарының жарысында қазақстандық танкистер тағы да жеңіске жетті.
Танк командирі аға лейтенант Сейітжан Қобыланұлы, көздеуші-оператор сержант Бауыржан Бұғыбаев және механик-жүргізуші ефрейтор Жаннұр Жұмабаевтардан тұратын экипаж кедергілерді еңсеріп, атыс тапсырмаларын сәтті орындап шықты. Қазақ жауынгерлері трассадан 26 минут 35 секундта өте білді.
Екінші орындағы Өзбекстан әскери қызметшілерінің нәтижесі – 27 минут 23 секунд.
Халықаралық армия ойындары аясында Қазақстанда үш байқау өткізіледі. Олар – "Артиллериядан оқ ату шеберлері", "Меридиан" және "Тактикалық мерген". Соңғы екеуі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Елімізде өтетін сайыстарда барлығы 26 команда бағын сынайды. Олардың ішінде Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның әскерилері бар.
Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонында минаатқыш есептоптарының үздіктерді анықталса, Ақмола облысының Щучинск қаласындағы "Амандық" полигонында әскери топографтардың сайысы өтеді. Ал Қарағанды облысының "Спасск" оқу-жаттығу орталығында мергендер жарысады.