НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10-қабаттан секіріп кеткен жасөспірім қыздың жағдайы туралы айтып берді. Оны үш жігіт пәтерде зорлаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Ауруханаға түскен қыздың жағдайы өте ауыр болған. Оған бірнеше ота жасалды. Одан кейін ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен бірнеше рет телемедициналық кеңес өткізілді.
"Қазіргі таңда зардап шеккен жасөспірімнің жағдайы тұрақты, бірақ көптеген ішкі ағзалар мен сүйектердің зақымдалуына байланысты жарақаттары өте ауыр. Мұндай жарақаттармен адамның аман қалу өте сирек кездеседі. Реаниматолог, травматолог, хирургтер, облыстық балалар ауруханасының бүкіл көп салалы мамандарының шеберлігі мен күш-жігері арқасында аман қалды. Ал толыққанды өмір сүру үшін ұзақ ем мен одан кейінгі оңалтудан өту керек", - дейді басқарма мамандары.
Айта кетері, Павлодар қаласындағы жантүршігерлік оқиға туралы НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлады. Үш жігіт жетім қызды зорлап тастады. Ол қорлыққа шыдай алмай, оныншы қабаттан секіріп кетті.
Абырой болғанда ағаштарға ілініп, тірі қалды. Бірақ бірнеше жері сынған.
Полицейлер кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 121-бабының 3-1-бөлігі және 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Күдіктілер қамауға алынды.