НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің екі ЖОО басшылары жұмыстағы кемшіліктері үшін жазаланды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ жоғары оқу орындарының қызметінде оқу және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыруда өрескел бұзушылықтар мен елеулі кемшіліктер анықталды.
Тексеру ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясы және Ақтөбе заң институтының басшылығымен сапалы, тиімді оқу және оқу-әдістемелік жұмыс қамтамасыз етілмегенін, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың сақталуы бойынша тиісті бақылау жүзеге асырылмағанын көрсетті.
Сонымен қатар, оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыру, оқу орындары бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру тиісті деңгейде қалыптаспаған. Аталған бұзушылықтар Академия мен Институт басшылығының қызметтік міндеттері мен лауазымдық нұсқаулықтарын тиісінше орындамауы салдарынан мүмкін болды.
Қостанай академиясы мен Ақтөбе заң институтының басшылығы жұмыстағы олқылықтары мен кемшіліктері үшін, ішкі істер министрі М.М. Ахметжановпен жазалау туралы бұйрыққа қол қойылды.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары Нұрышев Ақан Жақыпбекұлы қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Байсұлтанов Алтай Бисенұлына қатаң сөгіс жарияланды.