Саясат

Ерлан Тұрғымбаев президент кеңесшісі лауазымынан босатылды

Қаңтар оқиғасы кезінде ішкі істер министрлігін Тұрғымбаев басқарған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысының өкімімен Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев Қазақстан президентінің кеңесшісі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ақорда.
Айта кетері, Тұрғымбаев бұл қызметке жарты жыл бұрын ғана келген еді. Оған дейін ол республиканың ішкі істер министрлігін басқарды. Алайда қаңтар оқиғасынан кейін президент Тұрғымбаевты ішкі істер министрі қызметінен босатты. Оның орнына ІІМ басшысы етіп Марат Ахметжановты тағайындады.

Тұрғымбаевтың өмірбаяны

Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев 1962 жылы Алматыда туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1984) заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қаржы және несие факультетін (2003) экономист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы 1984 жылы Қарағанды облыстық ІІБ Саран ауданының ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел өкілі болып бастады.
Әр жылдары тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, ІІМ 9-шы департаментінің бастығы, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы, Алматы қаласы ІІД бастығы қызметтерін атқарды.
2012 жылдан бері Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары болды.
2019 жылы ақпанда ішкі істер министрі лауазымына тағайындалды.
Ал 2022 жылғы 25 ақпаннан бүгінге дейін Қазақстан президентінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.