Денсаулық

Дәрігер балаларда коронавирустың ауыр түрінің алдын алу жолдарын айтты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз - Sputnik. Нұр-Сұлтандық дәрігерлер балалардағы коронавирустың ауыр түрінен қалай сақтануға болатынын және коронавирусқа қарсы екпенің қаншалықты маңызды екенін айтты.
№6 қалалық емхананың 1 санаттағы педиатр дәрігері Жанар Кәрімнің айтуынша, негізінен бір жасқа дейінгі балалар мен есепте тұрған, яғни қант диабеті, бронх демікпесі сынды тағы басқа созылмалы аурулары бар балалар қауіп тобына жатады.
"Адам көп жиналатын орындарға, сауда және ойын-сауық орталықтарына, ойын алаңдарына баруды шектеу керек. Бетперде тағу режимін міндетті түрде сақтау қажет. Балаларды қолды дұрыс жууға үйрету маңызды", - деп кеңес берді Жанар Кәрім.
Коронавирустың ауыр өтуін болдырмау үшін дәрігерлер 12 мен 18 жас аралығындағы балаларды вакциналауды ұсынады.
Елімізде Pfizer вакцинасымен вакциналау бала тіркелген жердегі медициналық мекемелерде жүргізіледі.
Педиатрдың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мектептерде, фельдшерлік пункттерде медициналық қызметкердің бақылауымен екпе жұмыстары жүргізіледі.