Экономика

Бір млн алматылық кредит алған, жартысына жуығы қарызын қайтармай жүр

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті Алматы қаласында жеке тұлғалардың банкроттығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
"Қазіргі таңда бір ғана Алматы қаласының өзінде 1 миллионнан астам тұрғынның кредиті бар. Оның ішінде 451 мыңнан астам азамат 90 күннен бері несиесін өтемеген. Сондықтан азаматтардың банкроттығын жариялау туралы рәсімдерге тұрғындардың қызығушылық танытары сөзсіз", - дейді комитет.
"Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасының нормалары талқыланған шараға 200-дей адам қатысты: жеке тұлғалар, қаржылық кеңесшілер, әкімшілер және мүдделі мемлекеттік органдар мен банктердің өкілдері.
Кездесу барысында спикерлер мәжілістің қарауында жатқан заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді. Заң жобасында халықаралық тәжірибені ескере отырып, 3 түрлі процедура енгізу көзделген.
Бірінші процедура – соттан тыс банкроттық, оны азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:
банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауға тиіс;
ресми табысы жоқ немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайды (оның ішінде асырауындағы адамдар (отбасы мүшелері) да қоса есептеледі), ол адам басына 36 018 теңгені құрайды.
Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауға тиіс және банкпен берешек бойынша реттеу рәсімін жүргізу қажет.
Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Екінші процедура – сот банкроттығы, мұны азаматтар қарызы 4,9 млн теңгеден асқанда және борыштың қалған түрлері бойынша қолдана алады.
Осы рәсім барысында борышкердің мүлкі болған жағдайда, ол сауда-саттық арқылы сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борышты өтеуге жіберіледі.
Үшінші рәсім – бұл тұрақты табыс болған жағдайда, соттан қарызды (5 жылға дейін) бөліп төлеу мүмкіндігін алуды көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Ол үшін екі тараптың (борышкер мен кредитордың) келісімі қажет.
Сондай-ақ, комитет өкілдері банкроттықтың салдары туралы айтты:
заң жобасында 5 жыл ішінде қарыз бен кредит алуға шектеу көзделген;
азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады;
банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Сондай-ақ азаматтар банкрот деп танылған күннен бастап бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуге міндеттеледі.