НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. 2023 жылдан бастап 18-29 жас аралығындағы жас жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Бұл туралы Павлодар облысы тұрғындарымен кездесу барысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
Сондай-ақ министр жас әдебиетшілерді қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан басқа да жобалар туралы айтып берді.
“Біз "Жаңа қазақ әдебиеті" атты жаңа жобаны қолға алдық, оның аясында дарынды жас авторлардың кітаптары 3 мың дана таралыммен басып шығарылады. Бұл жұмыс жас ұрпақтың жаңаша ойлау жүйесін дамытуға көмектеседі, олардың шығармашылық көңіл-күйі мен жаңа идеяларын қолдайды", - деді Дәурен Абаев.
Одан бөлек, мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрайтын "Айбоз" тұңғыш ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылданып жатыр.
"Осылайша біз әдебиетімізге жаңа туындылардың қосылуына ықпал етіп, қаламагерлер мен баспагерлерді қолдаудың жаңа тетіктерін қалыптастырамыз", - деп түйіндеді министр.