Білім

Қазақстандық оқушылар енді 31 мамырға дейін оқиды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Жаңа 2022-2023 оқу жылында оқушылар 31 мамырға дейін оқиды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында елімізде 3,6 млн баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істейді.
"Келесі оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталады. Яғни жаздың бірінші күнінен бастап оқушылар дәстүрлі жазғы демалысқа шығады. Сәйкесінше жаз айлары толығымен балалардың демалыс уақыты бола береді", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Ол жазғы каникулдың ұзақтығы білім саласындағы көшбасшы елдермен салыстырғанда ең ұзақ – 92 күнді құрайтынын атап өтті. Бір оқу жылында балаларға 4 рет демалыс қарастырылған.
Оған қоса демалыс және мереке күндерін есептегенде, балалар жыл бойы барлығы 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке барады.