Павлодарда 16 жастағы қыз зорланды – жасөспірім өзіне қол жұмсады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Павлодар қаласында 16 жастағы қыз терезеден секіріп кетті. Пәтерде оны үш жігіт зорлады. Жасөспірімге бірнеше ота жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "НеМолчи" қорына сілтеме жасап.
Қор жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, бір жас жігіт оны алдап, пәтерге алып барған. Сол жерде достарымен бірге зорлаған.
"Ол қыз туған күнге барған. Отырыс ұнамай, әпкесіне барамын деп, далаға шығып кетті. Бірақ қаланы білмегеннен кейін адасып кеткен Жолда үш жігітті кездестірген. Біреуі әпкесінің сыныптасы болып шықты. Ол жас қызды алдап, өзімен бірге баруға көндірді. Такси шақырып беремін деді. Арғы жағы қорқынышты түс сияқты болды", - деп жазды Таңсәрі.
Жасөспірім қорлыққа шыдай алмай, 10-шы қабаттан секіріп кетті. Абырой болғанда ағаштарға ілініп, тірі қалды.
Қор жетекшісінің айтуынша, оған бірнеше ота жасалды. Ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде жатты. Қазір палатаға ауыстырылды.
Әпкесі "НеМолчи" қорына арызданып, көмек сұрады. Себебі екеуі де жетім. Балалар үйінде тәрбиеленді.
Полиция екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ал үшінші күдікті қамауға алынған жоқ. Жәбір көрген қыз оған қатысты мәлімет беруі керек.