Еуропа ресейліктерге Шенген визасын беруге шектеу қоя ма

Sputnik
Ресейліктерге Шенген визасын беруге тыйым салуды қолдайтын Еуроодақ мүшелерінің саны артып жатыр. Қазірдің өзінде Балтық елдері, Польша, Чехия, Бельгия сәйкес шектеу енгізіп, басқа елдерді де осындай шешім қабылдауға үндеп жатыр. Ұсыныс тамыздың соңында Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде талқыланады, деп жазды РИА Новости.
Ресей азаматтарына арналған Шенген визасына қатысты мәселе саяси әрі әдеп аясындағы ең қызу талқыланған тақырыпқа айналды. Эстонияның премьер-министрі Каи Калластың "Еуропаға келу – бұл әркімнің жеке құқығы емес, бұл үлкен артықшылық" деген пікірі отқа май құйғандай болды. 18 тамыздан бастап Эстония билігі берген рұқсат қағаздарымен ресейліктерге бұл елге кіру құқығы шектелді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "көптеген ел өздерінің тату емес қарым-қатынасынан ақылынан адасып, 80 жыл бұрын Еуропаның орталығынан жасалған мәлімдемелерге қайта оралып жатқанын" айтты. Оның пікірінше, "уақыт өте келе парасаттылық көрініс тауып, мұндай келеңсіз мәлімдеме жасағандар ыңғайсыз жағдайға тап болатынын" ескертті.
Дегенмен, бұл идеяны қолдайтын мемлекеттердің тізімі жылдам өсіп жатыр. 14 тамызда бірден екі ел – Польша мен Латвия бастаманы жалпыеуропалық деңгейде талқылайтынын мәлімдеді. Варшава тиісті шаралар кешенін әзірлеп жатыр. Ал Ригада олар республикада бұрыннан берілген елге кіруге рұқсаттар мен тұруға ықтиярхаттарды қайта қарауға бел буып отыр.
"Ресейлік туристер көп ақша қалдыратын бірқатар еуропалық мемлекет мұндай ұсынысқа қуанбайтынын білемін.Германия канцлері де бұған күмән білдірді. Алайда бұл туралы айту керек деп ойлаймын", - деді Латвия президенті Эгилс Левитс.
Қазір он мемлекет ресейліктердің өз аумағына кіруін тоқтатты немесе қиындатты. Чехия 25 ақпанда Ресей, одан кейін Беларусь азаматтары үшін шектеулер енгізді. Словакия, Бельгия, Польша, Нидерланды, Дания, Эстония, Латвия және Литва да осындай шешім қабылдады. Ол елдерге басқа елдерден туристік Шенген визасы арқылы ғана кіруге болады.
Еуроодақтың виза кодексінде қысқа мерзімді визаларды беруді тоқтату мүмкіндігі көрсетілмеген, деп мәлімдеді Еурокомиссия өкілі Анита Хиппер. Әрқашан виза ұсынылуы тиісті азаматтардың санаты бар: гуманитарлық жағдайда, отбасы мүшелеріне немесе журналистерге.
Германия канцлері Олаф Шольц бұл бастаманың түпкі мәнін түсінбейтінін мәлімдеді. Себебі "қарапайым халық Украинадағы оқиғаларға жауапты емес" және Ресейге қарсы ауқымды санкциялар" көп көлемдегі нақты тұлғаларға бағытталған".
Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақты осындай қатаң шараларға итермелеп отыр. Зеленский "Ресейдің бүкіл халқын оқшаулау керек" деп санайды. Ол елден кеткен оппозиционерлерге босқын мәртебесін алуға өтініш білдуріге кеңес берді.
"Қозғалыс бостандығы – адам құқығының іргелі негіздерінің бірі.Оны өрескел бұзуға үндеу – жаһандық саясаттағы еуропалық өркениеттің рөліне қарсы сөз болып саналады", - деді саясаттанушы Сергей Марков.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Еуропа құқығы кафедрасының доценті Николай Топорин бірыңғай ережені енгізу үшін ЕО-ның барлық мүшесінің келісімі қажет екенін айтты.
"Шенгенде ішкі шекаралар жоқ, бірақ Шенген кодексімен реттелетін сыртқы шекаралары бар. Қазір он шақты мемлекет, негізінен шағын елдер ресейліктерге виза беруді тоқтатуды қолдап отыр. Өз аумағына сыртқы шекара арқылы кіруге алғашқы болып тыйым салған Эстония болды", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл мәселені мүдделі мемлекеттер бірауыздан шешпесе, онда қисынсыз сәттер көп болады. Мысалы, Эстония өз ұсынған визалар бойынша елге кіруге тыйым салғанымен, сол визамен Латвия арқылы ел аумағына өтуге болады.
Дегенмен, басқа мәселеде қиындықтар туындауы мүмкін: Ресейдің Еуроодақпен тек үш құрлық шекарасы бар – Эстония, Латвия және Финляндиямен. Егер олар өз аумағын ресейліктер үшін жауып тастаса, бұл Еуропаның басқа елдеріне кіруді қиындатады.