НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанның екі ауданында газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Ал газға қосылу жағынан әлеуметтік көмек алуға болады, деп хабарлады әкімдікті ресми сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, бұған дейін үйлерді газға қосу жұмысын жеңілдету бірқатар шаралар қолға алынған болатын. Атап айтқанда, қажетті құжаттар тізімі қысқартылды, жағдайы төмен отбасыларға бөлінетін сома 2 есе ұлғайды, есептегіштер (газды есептеу құрылғылары) тегін беріледі.
Бұдан бөлек, пайызсыз несие беру бағдарламасы бар. Әлеуметтік көмек мұқтаж адамдарға беріледі. Оны үйді газға қосу үшін пайдалану қажет. Сәуір айынан бастап материалдық көмек көлемі екі есе артып, 410 мың теңгеден асты.
Тамыз айында әлеуметтік көмекке 188 отбасы өтініш берген. Соның ішінде 178 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалды. Олар - зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар және тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар. Әлеуметтік көмектің жалпы сомасы 62,5 миллион теңгеден асты.
Әлеуметтік көмекті алу үшін өтінімді egov.kz ("Электрондық өтініштер" – "онлайн қызметке тапсырыс беру") порталы арқылы беру қажет. "Күтіп ұстау" бағанында тұрғын үйді газдандыру бойынша әлеуметтік көмек, "алушы" бағанында "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасын" таңдау қажет.
Қазіргі уақытта Сарыарқа және Алматы аудандары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынып, кварталішілік желілер тартылды. 6 мыңнан астам абонент техникалық шарттар алды, ал 4,6 мыңнан астам үй газға қосылды.
"Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысы басталды. Мәселен бұл – Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, Family Village, Garden Village шағын аудандары және т.б. Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жүріп жатыр. Ал Есіл және Байқоңыр аудандарында алдымен жеткізуші газ құбырын, келер жылы кварталішілік желілерді саламыз", - дейді әкім Алтай Көлгінов.