НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Алматылық полицейлер "барахолкада" ұрланған бір шабадан алтынды тауып алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтем жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 12 тамызға қараған түні қаладағы базарлардың бірінде алтын-күміс бұйымдары сатылатын сегіз бірдей сауда орны тоналды. Ұры 100 миллион теңгенің әшекейін шабаданға салып, алып кеткен. Қылмыс бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Қалалық полицияда жедел тергеу тобы құрылды. Мамандар бейнежазбаларды қарап, күдіктінің жеке басын бірден анықтады. 35 жастағы ер адам Қонаев қаласына қашып, қонақ үйде жасырынып жүрген. Ол сот санкциясымен қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары бір шабадан алтын жатқан жерді де тапты. Күдікті оны қала шетіндегі шөл далаға жасырып кетіпті.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 4-бөлігі (Ұрлық, аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.