Қоғам

Алматылық сағат шебері Қонаевпен болған оқиғаны айтып берді

"Он балаң бар екен, нені қалайсың? Үлкен көмек жасадың" деген еді, деп еске алды шебер
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Алматыда тұратын Ширхановтар әулетінде сағат жөндеу кәсібі атадан балаға мирас болып келеді. Бұл үйден 40-тан астам шебер шыққан. Әулеттің сағат жөндеудегі жалпы еңбек өтілі – 300 жыл, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Ширхановтар әулеті Қазақстанның КИнЭС кітабына енген. Ол Гиннес рекордтар кітабының баламасы болып саналады.
Отбасының анасы Мавлюда 50 жылға жуық уақыт бойы сағат жөндеген. Жарты ғасырдың ішінде 350 мыңнан астам хронометрді жөндеп берген. Оның әкесі Әбдірашид те сағат шебері болды. Ол миллионнан астам сағатты қалпына келтірген. Бір рет Леонид Бренжевтің қолсағатын да қараған.
"Әкем Қонаевтың сағатын жөндейтін. Ал Брежнев келгенде хронометрі тоқтап қалыпты. Сол кезде шабадан ұстаған оққағарлары келіп, бәрін қадағалап тұрды. Ұшақ ұшайын деп жатыр, соған дейін үлгеру керек деді. Әкем үлгерді. Қонаев оған "Он балаң бар екен, нені қалайсың? Үлкен көмек жасадың" деді. Сонда әкем үй салып жатқанын жеткізіп, екі көлік кірпіш керек деп айтқан", - дейді Мавлюда апай.
Қазіргі кезде оның ұлы Ділмұрат Мираев ата кәсіпті жалғастырып, істен шыққан сағаттарға жан бітіріп жүр. 12 жасынан бастап сағаттың сырын үйреніп, отыз жылдан аса еңбек етіп келеді. Бірнеше шәкірт тәрбиелеген. Енді ұлын да осы кәсіпке баулып жүр.
"15 жыл бұрын менде төрт шәкірт болған. Төрт шәкірттің ішінде бір шебер шығардым. Ол – Асхат. Қалған екі-үшеуі бола алмады, қиналып қалды. Қиналғанда мен айттым, қиналмаңыз ол сізге емес екен деп. Сағат жөндеуші кәсіп барлық адамға болмайды. Біреу оған кіріп, жұмысын бәрін істеп кетеді. Біреу істей алмайды", - деп атап көрсетті Мираев.