Білім

Министрлік орыс тілінде оқытатын сыныптарды жабу туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде орыс тілінде оқытатын сыныптар жабылатыны туралы ақпарат тараған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстан мектептерінде орыс тілін оқыту тоқтатылады деген ақпарат – жалған, деп хабарлайды Stopfake оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Анықталғандай, "Қазақстанда орыс мектептерінің болашағы бар ма?" атты материал екі жыл бұрын 31 арнада "Информбюро" эфирінде шыққан. Оған елордадағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірі ұсынылған БАҚ-тағы ақпарат негіз болған. Сюжетте орта білім саласындағы үрдістер талқыланды. Сондай-ақ орыс тілді мектептердегі оқушылар санының азаюы сөз болды.
"Гимназия директоры қалған оқушылар болашақта бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін деген пікір білдіріп, ата-аналарды мемлекеттік тілді меңгеру үшін балаларды қазақ мектептеріне беруге шақырды. Сонымен қатар сюжетте Білім сарапшылары қазақ лигасының вице-президенті Наталья Дрейттің де пікірі ұсынылды. Ол орыс және қазақ мектептері толы, проблема мұғалімдердің жетіспеушілігінде екенін айтып, бұл жағдайды педагогтердің мәртебесі туралы заң өзгертуге тиіс деп мәлімдеді. Бүгінде бұл материал пабликтерде әдейі бұрмаланып жарияланып жатыр", – деп түсіндірді "31 арна" өкілдері.
Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі орыс тілінде оқытатын сыныптарды жабу туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақ сыныптарында да, орыс тілінде оқытатын сыныптарда да орыс тілі бұрынғыдай оқытылады, басқа жоспар жоқ", – деп мәлімдеді оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова.