НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Нидерланды ғалымдары The Lancet ғылыми журналында коронавирустан кейінгі синдром бойынша зерттеулердің ауқымды тізімін жариялады. Олар вакциналау асқыну белгілерін жеңілдетуге және олардың пайда болуынан қорғауға көмектесетінін мәлімдеді.
Ғалымдардың пікірінше, ауру жұқтырғанға дейін екпе алған адамдарда постковидтік синдромының пайда болу ықтималдығы аз. Сондай-ақ ауру жұқтырғаннан кейін вакциналау симптомдардың ауырлығын біршама жеңілдеді деп пайымдауға негіз бар.
Бүгінгі күні бұл жағдайдағы ауру белгілерін жеңілдететін басқа дәлелденген құралдар жоқ.
Сонымен қатар, ғалымдар өз түсініктемелерінде коронавируспен ауырып тұрғаннан кейінгі синдром бір емес, бірнеше ауру болуы мүмкін екенін және олардың әрқайсысы коронавирус тудырған залалдың салдары болып табылатынын айтты.
Сондай-ақ, ғалымдардың айтуынша, постковидтік синдром Омикрон штамын жұқтырған адамдарда сирек кездеседі.