Қазақстанның батысында 4 оқушы оқитын мектеп жабылғалы тұр

Мектептің жай-күйі жақсы, ғимарат жөндеу жүргізуді қажет етпейді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Бала санының жетіспеушілігінен Қарашығанақтағы бастауыш мектеп жабылуы мүмкін.
Білім ордасында небәрі төрт бала оқиды, деп жазады өңірлік "Мой ГОРОД" порталы.
Бір кездері мұнда тіршілік қайнап, ауылда аурухана, орта мектеп те болған. Бүгінде ауылдағы 70 үйде жалпы 164 адам тұрады. Негізінен бұл зейнеткерлер, кішкентай балалары бар жас отбасылар аз.
Қарашығанақтағы мектеп бастауыш сыныптарға арналған (мектеп жанында балабақша бар). Одан кейін балалар Қарашығанақтан тоғыз километр жерде орналасқан Жарсуат ауылындағы мектепте оқиды. Бұл мектеп жанынан 19 бала тұратын интернат ұйымдастырылған.
Бөрлі аудандық білім бөлімінің бас маманы Лаура Мәметанова мекеменің жағдайы туралы айтып берді.
"Бастауыш мектеп үшін кем дегенде бес бала болуы керек, ал бізде тек төрт бала ғана бар. Біреуі бірінші сыныпта, үшеуі үшінші сыныпта оқиды. Тоғыз бала мектеп жанындағы балабақшаға барады. Мысалы, оқушы тапшылығы бар Успеновка, Жанаталап сынды ауылдарда біз іргелес жатқан Шыңғырлау, Сырым аудандарынан отбасыларды қоныс аударуға шақырамыз. Бірақ ол жақта мектептер қазақ тілінде оқытылады және көшіп келген отбасылар қазақтілді болады. Қарашығанақта мектеп орыстілді. Сондықтан қиындық туындап отырғаны белгілі. Бірақ біз мектепті жапқымыз келмейді. Оның үстіне, ғимарат жағдайы жақсы, жөндеу жұмыстарын қажет етпейді", - деді ол.
Облыс әкіміне Қарашығанақ ауылындағы бастауыш мектепті жаппау туралы өтініш жолданды.