Қазақстандықтар пранк үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Бүгінде "пранк" деген сөзді білмейтін адам жоқ шығар. Біреулер телефон арқылы алданса, енді біреулер видеоға түсіп, туған-туыс пен дос-жарандардың күлкісіне айналады. Ондай қызметке тапсырыс беруге де болады. Алайда көбісі көңілді көтеретін әзіл үшін әкімшілік жаза бар екенін ескермейді. Тіпті, пранктің негізгі кейіпкері де жазаға тартылуы мүмкін.

Профилактикалық әңгімемен шектелмейді

Қазақстанда нақты пранк үшін жаза қарастырылмаған. Алайда сол пранкты жасау кезінде тәртіп бұзушылықтар тіркелсе, нақты жауапкершілік бар. Мәселен, биыл сәуірде Алматыда қызды алып қашудың видеосы тарады.
Полиция тексеріс өткізіп, барлығын анықтады. Сөйтсе, жастар халықтың көзінше қыз алып қашып, "әлеуметтік эксперимент" жасапты. Артынан қыздың өзі кешірім сұрады. Оны жауапқа тартқан жоқ. Бірақ көлік айыппұл тұрағына қойылды. Себебі мемлекеттік тіркеу нөмірі болмаған. Оған қоса, көлік иесі жол белгілеріне қарамапты. Сол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің екі бірдей бабы бойынша жауапқа тартылды. 290-баптың 2-бөлігі – 5 АЕК (15 900 теңге), 601-баптың 1-бөлігі – 3 АЕК (9 540 теңге).
Ал метрода пранк жасаған жас жігіттер ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды. Олар музыканы колонка арқылы қатты қойып, азаматтардың наразылығына назар аудармаған. Жолаушылар полицияға арызданды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, үшеуі де айыппұл төлеуге міндеттелді. Алайда әкімшілік сот он тәулікке дейін қамауға алу шешімін шығаруы да мүмкін. Тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 15 тәулікке қамап тастайды. Артынан метродағы пранкке қатысқан жігіт тағы ұсталды. Оны қамауға алды.
Астаналық жігіттер де пранк жасау жағынан қалыспай келеді. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына белгісіз біреулердің жас жігітті көлік жүксалғышына күштеп салып жатқаны түскен. Мамандар бірден Сарайшық көшесінде жүрген патрульге хабар берді. Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілген жас жігіттер досымен ойнап, әлеуметтік желілер үшін пранк жасағысы келгенін айтқан.
Полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізген. Бірақ әкімшілік іс те қозғалды. Барлығы айыппұл төлеуге міндеттелді.

Пранкке түскен адамның өзі жауапқа тартылды

Былтыр Атырауда бір әйел дүкенім тоналды деп, полицияға арыз түсірген. Сөйтсе, достары пранк жасапты. Олар дүкен иесіне қоңырау шалып, дүкеннің тоналғанын ойнап айтқан. Әйел бірден полицияны шақырды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды, бірақ дүкеннің тоналғаны расталмады. Артынан келіншек достарым "достарым пранк жасады" деп ақталса да, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Себебі ақпараттың рас-өтірігін тексермей, полицияға жалған хабарлама берген.
Осылайша, байбалам салған әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы (Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру) бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған сәйкес, 30 айлық есептiк көрсеткiш (95 400 теңге)мөлшерiнде айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек, пранктер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-баппен де саралануы мүмкін. Онда қоғамдық орындарды тиісу, яғни, қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған әрекет, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру үшін нақты жауапкершілік жазылған.
Атап айтқанда, жеке тұлғаларға ескерту жасалады, я болмаса, 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал тәртіп бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш (31 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.