НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Қостанайда баланы аю тістеп алған демалыс базасының иесі сот шешімімен жәбірленушілерге 18,5 миллион теңге төлеуі тиіс, деп хабарлайды "Костанайские новости" порталы.
Оқиға өткен жылдың 5 қыркүйегінде болған. Демалыс орталығының аумағында тіршілік ететін аю 5 жасар қызға шабуыл жасаған. Алған жарақатының салдарынан баланың оң аяғын кесіп тастады.
Сот "Радуга" демалыс базасының иесі Александр Панинді 306-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – "Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін тауарлар өндіру немесе сату, жұмыстар орындау немесе қызметтер көрсету" бойынша кінәлі деп таныды.
Тергеу барысында Катя есімді аю 2012 жылы "Радуга" базасында пайда болғаны белгілі болды. Ол кезде демалыс орны басқа адамға тиесілі болды. Ол сотта жыртқышты таныс жаттықтырушы қалдырып кеткенін айтты, себебі аюды бағып-күтуге мүмкіндігі болмағанын, ал базада қолайлы мүмкіндік қарастырылғанын айтты.
Демалыс базасын 2019 жылы Панинге сатқаннан кейін ол аюды қажет етпегендіктен, өзімен алып кетпеген.
Сотта Александр Панин өз кінәсін мойындамай, ата-анасы балаға тиісті бақылау жасамағанын айтты.
Сондай-ақ, ол демалыс орнын сатып алғанда, аумақта жабайы аң тіршілік ететінін білмегенін айтты. Кейіннен оны бостандыққа жіберуге қорыққан. Сондықтан аюды түрлі хайуанаттар бағына тапсыруға тырысқан. Тіпті оны дәрімен ұйықтатып тастағысы да келген. Ал ветеринарлар жыртқышқа құтыруға қарсы екпе жасауға ғана келіскен.
"Сол күні отбасы "Радугаға" демалуға келді, тапшанды жалға алды. Анасы мен қызы аюды қантпен тамақтандырды. Осыдан кейін қыздың өзі Катяға қант беруге кетті, ал ата-анасы оған жақын жерде болғанын алға тартып отыр. Шыңғырған дауыс естігенде, аю баланы аяғынан тартып, тордың ішіне сүйреп жатқанын көрген", - деп жазады портал.
Іс материалдарына сәйкес, әкесі жүгіріп келіп, қызын ұстап қалған, оған сол жердегі басқа демалушылар да көмекке келген. Қызды жедел жәрдемді күтпестен ауруханаға жеткізген.
"Бала оң жақ төменгі аяқ-қолының кең көлемді тістелген жаншылған жаралары, сүйектердің ашық сынуы, геморрагиялық және травматикалық шок түріндегі дене жарақаттарын алды. Лайдың ұзақ әсері де рөл ойнады. Аяғын кесіп тастауға тура келді", - деп жазылған мақалада.
Сот Панинді кінәлі деп тауып, оған 500 сағат қоғамдық жұмыстар белгіледі де, бірақ рақымшылық бойынша оны негізгі жазадан босатты.
Жәбірленуші тарап моральдық залалдың өтемі ретінде 25 миллион теңге талап етті. Қостанай аудандық соты жәбірленушілердің арызын ішінара қанағаттандырды - Катяның иесі аяғынан айырылған қыздың отбасына 18,5 миллион теңге төлейді.
Айта кету керек, бұған дейін 9 жыл бойы тұрақты орын таба алмаған Катя осы оқиғадан кейін Петропавлдағы "Абакшино" демалыс базасындағы шағын хайуанаттар бағына жеткізілді.