Тоқаев ҰҚК төрағасын қабылдады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевқа ұлттық қауіпсіздік органдарында жүргізіліп жатқан жүйелі трансформациялар мен жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндалды. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ҰҚК құрылымы оңтайландырылып, бөлімшелердің қызметтері мен міндеттері нақтыланған.
Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жүйесіне жаңа тәсілдер енгізілген.
Ермек Сағымбаевтың айтуынша, терроризмге қарсы орталық жұмысы қайта құрылып, лаңкестік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіруші рөлі күшейтілді. Жыл басынан бері 400-ден астам оқу-жаттығу өткізген.
Президентке берілген мәліметтерге сәйкес алдын алу шараларының арқасында мемлекетке 900 миллиард теңге көлемінде залал келтіруі мүмкін оқиғаға тосқауыл қойылған. 37 миллиардтан астам қаржы бюджетке қайтарылған.
"ҰҚК материалдарының негізінде 791 қылмыстық іс, соның ішінде 49-ы жиі кездесетін сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қозғалды. Мемлекеттік шекараны қорғауды ұйымдастыру күшейтіліп, жаңа технологиялар қарқынды түрде енгізіліп келеді. Шекара арнаулы күштері құрылды", - деді комитет төрағасы.
Биыл қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тасымалдаудың 203 заңсыз әрекетінің жолы кесілген. 9 мыңнан астам шекара тәртібін бұзғандар ұсталған.
Елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп жатыр. Жыл басынан бері ҰҚК техникалық қызметтері инфрақұрылым объектілеріне жасалған 295 миллион кибершабуыл мен 2 мың DDoS шабуылдың жолы кесілген.
"Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қару іздеу, қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтардың және есірткі контрабандасы арналарының жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді. 900 келіден астам есірткі және 11 тонна прекурсорлар алынып, 16 есірткі зертханасы, 24 халықаралық және 45 өңірлік есірткі арнасы жойылды", - деді Сағымбаев.
Заңсыз айналымдағы 773 бірлік қару мен 20 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген.Кездесу соңында мемлекет басшысы ҰҚК органдары қызметінің бағыттары бойынша өзекті сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.