Басшылыққа арызданған әскери қызметшінің айыптауы расталмады – министрлік

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз — Sputnik. Қазақстандық әскери қызметші өзіне қырындап, тиіскен басшылыққа арызданды. Қорғаныс министрлігі бұл іске қатысты қосымша тергеуді аяқтады.
"Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азамат Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісі нәтижесінде Елшібаеваның арызында көрсетілген деректер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады", - деді арнайы комиссия мүшелері.
Бұған дейін 2022 жылдың 6 мамырында Қонаев гарнизонының әскери полиция бөлімі бұрынғы әскери қызметкердің жазбаша өтініші бойынша тексеру жүргізді.
"6 мамырда Қонаев гарнизонының Әскери полиция бөлімі әскери қызметшісінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы Елшібаеваға қатысты 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет болғанын растамады"- деп атап өтті қорғаныс министрлігі.
Елшібаева ұсынған айыптаулар да расталмаған.
Сондай-ақ бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алғаны және әскери бөлім аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылды.
Комиссия 3 мамырда аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін Қарулы Күштер қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылғанын жеткізді.
Аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екені хабарланды.