АЛМАТЫ, 12 тамыз – Sputnik. Самира Садыгова – Алматыдағы медицина орталығының гинекологы әрі жоғары білікті дәрігер. Анасының арманын орындау үшін ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін аяқтаған. Акушер-гинекология мамандығын алып шыққан ол бүгінде онколог-гинеколог, акушер-гинеколог, пластикалық хирург, эстет қызметінде.
Оның акушерлік және гинекология саласында талмай еңбек етіп келе жатқанына 15 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында дүние есігін ашқан мыңдаған сәбидің кіндігін кесті. Дәрігер бүгінде әйелдің гинекологиялық денсаулығы басты орында болуға тиіс дейді. Ол, сондай-ақ емдеу кезінде жаңа технология мен жаңа әдіс-тәсілдерге басымдық береді. Әрдайым өзінің біліктілігін арттырып, білімін жетілдіріп отырады. Маманмен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбатты.
– Дәрігер болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өз салаңыздағы басты бағыт ретінде нені атар едіңіз? Дәрігер мен емделушінің қарым-қатынасы қандай болуы керек?
– Алдымен дәрігер өз ісін шексіз сүюге тиіс. Өйткені адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды. Медицина саласы бір орында тұрмайды. Емдеудің жаңа әдістері, ғылыми жаңалықтар, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар шығып жатыр. Міне, осының бәріне ілесіп, хабардар болып отыру үшін үздіксіз оқып, іздену керек. Содан кейін барып адамдарды жақсы көру де маңызды. Себебі бойында осы қасиет болмайынша, ешкім де жақсы дәрігер бола алмайды. Себебі біздің жұмысымыз үнемі адамдардың ауруымен, қиналуымен байланысты. Күн сайын осындай жағдайларды көру – адамның жүрегін суытып жіберуі де мүмкін. Өзге адамдарды жақсы көрмесең – бұл мамандықтан жиіркеніп кетесің және осындай жағдайлардың болғанын көрдім.
Ал дәрігер мен емделуші арасындағы ең бастысы – сенім. Емделуші дәрігерінің біліктілігіне сенімділік танытып, соған сенуі керек. Дәрігерлердің басым көпшілігі үшін емделушімен жақсы қарым-қатынас орнату маңызды. Әсіресе медицинаның гинекология сынды бөлімінде бұл өте қажет.
– Гинеколог қабылдауына келген емделуші қандай қызмет алуға тиіс?
– Кеңес беру, қарау, жаңа құрал-жабдықтармен толық тексерілу және емдеу.
– Бүгінде көптеген әйел жұмысбасты болып, гинекологқа қаралуды кейінге шегерді. Бұл туралы ойыңыз?
– Кез келген әйел кем дегенде жылына бір рет гинеколог тексерілуінен өтуге тиіс.
– Әйел денсаулығын бақылауда ұстау үшін тексерістің қандай түрінен және қандай мерзімде өткені жөн?
– Алдымен гинеколог тексерісі қалай жүзеге асатынына назар аударайық. Гинеколог қабылдауына келген әйелден онкоцитологияға және тазалық деңгейіне сынама алынады. Содан кейін кіші жамбас бөлігін ультра-дыбыстық тексеруден өтеді. Сонымен қоса маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына баруға тиіс. Міне, осы процедуралар мен мамандардан жылына бір рет тексерілуден өту маңызды. Гормондарға және басқа да анализдерге маманның тексерілуінен өткеннен кейін ғана тапсыра аласыз. Сала маманы қандай сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай жолдама береді.
– Әйел денсаулығы үшін қандай дәрумендер маңызды? Неліктен фолий қышқылына көп көңіл бөлу қажет?
– Қазіргі уақытта бұрынғыдай дәрігердің тексеруінен өтпей, тиісті сынамаларды тапсырмай дәрумендерді қабылдауға болмайды. Бұрын бір-бірінен естіп, дәруменнің зияны жоқ деп қабылдай беретін. Алдымен адам қанында нақты дәруменнің қандай мөлшерде екенін тексеру қажет. Содан кейін жетпей тұрған мөлшерін толықтырады. Ал фолий қышқылына келетін болсақ, ол – жүктілікті жоспарлау және жүктілік кезінде қажет міндетті дәруменнің бірі.
– Репродуктивті денсаулықты қалай сақтауға болады?
– Жеке кеңесім: жыныстық қатынасқа ерте түспеу қажет. Жүктілікті жоспарламаған жағдайда қорғану тәсілдерін қатаң түрде сақтау. Одан бөлек жыныстық қатынасқа түсетін адамды жиі ауыстырмау.
– Қазіргі уақытта гинеколог қабылдауына келген әйелдерден көп түсетін шағым қандай?
– Бүгінде жастардың басым көпшілігінде бедеулік мәселесі белең алып тұр. Басты себептеріне:
көп жағдайда қабыну сынды аурулар;
әйел ағзасындағы гормон деңгейінің бұзылуымен байланысты проблемалар;
"киста" және ісіктің пайда болуы;
онкологиялық аурулардың дамуы жатады.
– Қазіргі кезде ай сайынғы төсеніш және күнделікті төсенішті пайдаланбайтын нәзікжанды кемде-кем. Олардың зияны бар ма?
– Қыз бала үшін де, әйел үшін де күнделіктісін пайдалану зиян. Себебі олар миклофлораның бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде гинекологиялық жағынан түрлі аурулардың пайда болуына әсер етеді.
– Бүгінде әйел денсаулығында гинекологиялық аурулардан бөлек, бала көтере алмау, бедеулік сынды мәселелер жиі кездеседі. Бұл немен байланысты?
– Бедеулік ер адамның да, әйел адамның да репродуктивті жүйесіндегі бірнеше фактор әсерінен болуы мүмкін. Алайда кей жағдайда бедеуліктің себебін түсіндіру, анықтау мүмкін емес. Әйелдің репродуктивті жүйесінде бедеулік себептерінің бірі - түтіктердің проблемасы. Мысалы, фаллопиялық түтіктердің өтуіндегі кедергі. Кедергі жыныстық жолмен берілетін инфекцияны дер кезінде емдемегеннен асқынуы мүмкін.
Келесі себеп - қауіпті жолмен түсік түсірудің, босанғаннан кейінгі асқынудың немесе іш қуысы/жамбас мүшелеріне жасалатын отадан кейінгі асқынулар.
Қабыну (мысалы, эндометриоз), туа біткен (мысалы, септальды жатыр) немесе қатерлі аурулардың (мысалы, миомалар) болуы мүмкін жатырдың патологиялық жағдайлары, аналық бездердің патологиялық күйі де себептердің қатарында.
Бездердің поликистозды және басқа фолликулярлық бұзылуларф да болуы мүмкін. Репродуктивті гормондардың дисбалансына әкелетін эндокриндік жүйедегі бұзылулар да кездеседі.
Айта кетері, эндокриндік жүйе гипоталамус және гипофизді құрайды. Бұл жүйеге әсер ететін жалпы патологиялық жағдайлардың мысалына гипофиздің қатерлі ісігі және гипофиздің гипофункциясы жатады.
– Эрозия. Екінің бірінде кездесетін ауруға айналды. Осыған байланысты кей дәрігердің ем-домына көптеген әйелдің көңілі толмайды. Жалпы эрозияны емдеуге болады ма?
– Бәлкім бұл әйелде кездесетін ең ауыр әрі қиын мәселе шығар. Эрозия туралы бірдеңені кесіп айту мүмкін емес. Бірнеше тексерілуден өтіп, сынамалар тапсыру қажет. Жатыр мойнының жағдайы мен емделушінің анамнезін білу керек. Міне, осылардан кейін барып ем-дом шарасына кірісуге болады. Өкінішке қарай, біздің тәжірибемізде эктопияны эрозия деп жатады. Одан бөлек нақты эрозия немесе эктопия екенін дәл анықтайтын ешқандай сынама жоқ. Тексерісті немесе кольпоскопия жүргізген дәрігер эрозия не эктопия екенін ажырата білуі керек.
Шынайы эрозия – бұл жатыр мойнының бетіндегі сызаттың бір түрі. Эрозия жайдан жай, өздігінен пайда болмайды. Эрозия аурудың белгісі екенін түсіну қажет. Аурудың пайда болу себебін анықтау үшін емделуші мына сынамаларды тапсырады:
жедел қабыну процесін тудыруы мүмкін жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға (ЖЖБИ) сынама;
адам попилломасы вирусы (цитология немесе ПАП-тест, соңғысы жақсы).
Бұл сынамалар жатыр мойнындағы қатерлі өзгерістерге (дисплазия, ісік белгілері немесе қатерлі ісік) күдіктенуге негіз бар-жоғын түсіну үшін қажет. Содан кейін дәрігер емдеуді бастайды. Эрозияны жеке емдеп қажеті жоқ, себебі ол эрозияны тудырған ауруды емдегенде ғана кетеді.
Жатыр мойнындағы қатерлі процестердің басталуын жіберіп алмау үшін 25 жастан кейін жыл сайынғы жоспарлы жатыр мойнын тексеруді ұмытпаңыз. Оған гинекологтың орындығында тексеруден басқа, цитология және ПАП тест кіреді. Егер сіз патологиялық ісікке дейінгі аймақтардан құтылғыңыз келсе, онда радиотолқындық техника және криодеструкция (сұйық азот) сияқты жұмсақ әдістерді қолдануға болады.
– Адам папилломасы вирусын емдеу туралы ойыңыз?
– Адам папиллома вирусының онкогендік түрлерінің ағзада ұзақ уақыт болуы қатерлі ісікке әкелетіні ғылыми дәлелденген! Сондықтан клиникалық көріністерсіз де, оң ПТР талдаулары шыққан жағдайда папилломавирустық инфекцияны емдеу керек.
– Емдеу кезінде жаңа технология, әдіс-тәсілдер мен соңғы үлгідегі құрал-жабдықты қолданатыныңызды байқадық. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
– Иә, біз әйелдерді емдеу кезінде жаңа құрал-жабдықтарды пайдаланамыз. Десе де нақты қай әдістің келетін-келмейтінін тексеріс пен сынамалардан кейін ғана біліп, тағайындаймыз. Азотпен мұздату әдісін көбінесе босанбаған қыздар үшін қолданамын. Азот жатыр мойнының икемділігіне әсер етпейтіндіктен, ол оны өзгертпейді және тыртық қалдырмайды. Ауыртпалықсыз, тез әрі жатыр мойнында ешқандай жара қалмайды. Қан кетпейді, уақыт аз кетеді.
Одан бөлек радиотолқын, яғни лазер әдісі де өте жақсы. Лазерлік терапия. Бұл – заманауи және тиімді әдістердің бірі. Лазер сәулесі эрозия тініне әсер етеді. Процедурадан кейін тыртық пайда болмайды.
Радиотолқындық хирургия. Радиотолқындар зақымдалған тіндерді бұзады және буландырады. Радиотолқындармен емдеу – бұл жатыр мойнын емдеудің ең жұмсақ, қауіпсіз және жылдам әдісі.
– Сәби сүю бақытына кенелгісі келетін қыз-келіншектерге көкейге түйіп жүретін қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер таңнан кешке дейін кеңсе жұмысында істейтін болса, қалай да уақыт тауып, физикалық белсенділікті үдеткен жөн. Себебі, спортпен шұғылдануға көп уақыт кетпейді. Таңғы жаттығу, болмаса кешкілік жұмыстан кейін бір мезгіл жаттығу жасау керек. Егер әйел бойын физикалық белсенділікке үйретсе, бала көтергеннен кейін де оны жалғастыру жеңіл болады.
Жүктілікке дейінгі белсенділік гестационды қант диабетінің алдын алып, жүктіліктің жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Аяғы ауыр болғанға дейін патша көңіл қалаған спорттың түрімен шұғылдануға болады. Ал жүкті болған соң алғашқы триместрде мейілінше ана денсаулығы үшін қауіпсіз, белсенділіктің жұмсақ түрімен шұғылданған абзал.
– Соңғы уақытта әлеуметтік желі болсын, өмірде болсын енді босанған қыздар жыртылу болғанына шағымданады. Жалпы одан сақтану үшін не істеуге болады?
– Бұл көбінесе жүктілік кезіндегі тамақтануға, физикалық дайындыққа байланысты. Одан бөлек салмақ, ісіну, дұрыс тамақтанбау және дәрумендерді ұзақ уақыт бойы қабылдау жатырдағы баланың ірі болуына әкеледі. Бұл өз кезегінде жыртылуға әкеп соғады. Сондай-ақ, босану кезінде дұрыс демалу техникасына байланысты.