НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасын қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Жақып Асанов президентке сот төрелігінің қазіргі жағдайы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінде ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны 7 есе артқан. Соттар құқық қорғау органдары тарапынан түскен қамауға алуға қатысты әрбір бесінші іске санкция бермеді. Ал әрбір үшінші шағым бойынша тергеушілер мен прокурорлардың әрекеттері заңсыз деп танылды.
Бұдан бөлек, азаматтық даулар бойынша жұмыс тәсілі өзгерген. Соттар әкімдіктермен бірлесіп, дауларды шешудің соттан тыс институттарын дамытып келеді. Даусыз талап арыздар нотариусутарға берілген. Ал арбитраждар, медиаторлар, заң консультанттары мен еңбек инспекторларының құзыреттері кеңейтілген. Осының нәтижесінде соңғы төрт жыл ішінде сотқа түсетін талап арыздар саны 2,5 есеге – 900 мыңнан 340 мыңға дейін азайған. Асановтың сөзіне қарағанда, соттағы татуласумен аяқталған істер 37 пайызға дейін артты.
Биыл 1 тамыздан бастап аумақаралық соттылық енгізілді. Істер автоматты түрде судьялардың мамандануын ескере отырып, бір соттың ішінде емес, бүкіл ел аумағындағы соттардың арасында бөлінеді. Бұл – жемқорлыққа қарсы жаңа әдіс.
Мемлекет басшысы қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот процестерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ сот кадрларын іріктеуді жетілдіруге бағытталған қадамдар қажет екенін атап өтті.