Блогерлер тиісті келісімшартсыз қайырымдылыққа үндей алмайды - жаңа норма

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз — Sputnik. 5 қыркүйектен бастап белгілі тұлғалар тиісті келісімшартсыз қайырымдылыққа шақыра алмайды. Мұндай норма волонтерлік қызмет және қайырымдылық мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулерде қарастырылған.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында мәжіліс депутаты Вера Ким осы уақытқа дейін Қазақстанда блогерлер мен жұлдыздардың қайырымдылық қызметі бойынша нормалардың реттелмегенін айтты.

"Жұлдыздар мен блогерлер қайырымдылыққа ақша жинау туралы келісімшарт жасасуға тиіс болады. Егер блогер немесе жұлдыз қайырымдылық ұйым атынан шақырса, сол ұйыммен келісімшарт жасасуға тиіс. Ал егер ол көмекке мұқтаж адамға тікелей ақша жинаса, онда мұқтаж адаммен келісімшарт керек", – деді мәжіліс депутаты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет медиа тұлғалар шарттарды елемеген жағдайда олардың қызметі "Алаяқтық" немесе "Ұрлық" қылмыстық бабына бойынша қарастырылуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Блогер қаражат жинап, өзінің қызметі үшін 10% ұстайтынын сөз жүзінде ескерткен жағдайлар болды. Ал мұқтаж адам бұл туралы естімей қалғаннан кейін екі арада дау туындаған. Қазір біз салық қызметтерінде де, құқық қорғау органдарында да мәселе туындамауы үшін алым сұрайтын адамдар мен алым жасайтындар арасындағы қызметті заңдастырдық", – деп түсіндірді Мадияр Қожахмет.
Бұған дейін қайырымдылық ұйымдары мен жеке тұлғалар қайырымдылық қызметі бойынша кірістер мен шығыстар туралы жылына бір рет есеп беруге міндетті екені хабарланған болатын.
Президент биыл 4 шілдеде "Еріктілер қызметі, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, ҮЕҰ-ға арналған гранттар мен сыйлықақы мәселелері жөніндегі" Заңға қол қойды. Ол 5 қыркүйектен бастап күшіне енеді.