НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Алмас Шахимов бірнеше жас жігітті қауіпсіз жерге шығарып, басқа сарбаздарға бара жатқанда ауыр жарақат алды. Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлады Astana TV.
55/71 әскери бөлімінің сарбазы Ақылбек Аманов сол күні Алмастың арқасында аман қалды. Ол тағы екі жауынгермен шатырды ұстап тұрған. Бірақ оны жел ұшырып әкетті.
"Бізге Алмас келіп, үшеумізге көмектесіп, бағыт көрсетіп, габионның арасына, ыққа қойып кетті. Өзі басқа солдаттарға кетіп қалды. Бір 10 минут өткеннен кейін мен Алмасты іздеуге кеттім. 10-15 метр жерде солдаттың денесі жатыр. Беті жерге қарап жатты. Аунатып қарасам, Алмас екен", - дейді Аманов.
Ал Polisia.kz порталы таратқан мәліметке сәйкес, әскерилерге дабылды ескерту жасалған жоқ. Мұны "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев те растап отыр.
"Табиғи апаттарды болжау мүмкін емес. Дауыл туралы ескерту болған жоқ. Ол өз өміріне қауіп төнсе де, әріптестеріне көмектесті, соңғы болып шатырдан шықты. Қатты желдің салдарынан металл конструкциялар құлады. Ол басынан жарақат алды. Оны ауруханаға жеткіздік. Бірақ, өкінішке қарай, сағат 21:30-да қалалық аурухананың дәрігерлері жауынгердің қаза болғанын хабарлады", - деп атап өтті Қазкеев.
Ол күні оқу-жаттығуда барлығы 250 сарбаз болған. Бірақ дауыл басталғанда көбісі бір шақырым жердегі атыс алаңында жүрді. Шатырды әскери қызметшілердің өздері командирлердің басшылығымен орнатты. Металл конструкциялар – ресейлік өнім. Бөлімге жіберер алдында барлық шатырды комиссия тексеріп отырады.
Қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың денесі әскери бортпен Алматыдан Көкшетауға дейін жеткізіледі. Заң бойынша ата-анасына 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі.