Алматыда ұрланған 300-ге жуық ұялы телефон табылды – бесеуі иесіне қайтарылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Алматылық полицейлер қалада ұрланған 278 ұялы телефонды Бішкектен алып келді. Бесеуі иесіне қайтарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін ұрланған телефондарды сататын халықаралық арна анықталған болатын. П.есімді алматылық ұялы телефондарды Қырғызстандағы "әріптесіне" жіберіп отырған.
Соның орнына Бішкекте ұрланған гаджеттерді алды. Осылайша, екі жақ өзара алмасу жасаған.
"Қырғыз Республикасының астанасына жөнелтілген жедел уәкілдер ол жерден қаламызда ұрланған түрлі үлгідегі 278 мобильді құрылғыны алып келді. Жақында ғана бесеуі Алматы тұрғынындарына қайтарылды. Белгілі болғандай, олардан ұялы телефондарын қоғамдық көліктер мен аялдамаларда ұрлап кеткен. Бұл азаматтар, әдетте, адамдар көп шоғырланатын орындарда жүретін қалта ұрыларының құрбаны болды", - дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Полиция ұялы телефонын алған алматылықтардың видеосын да жариялады. Олар ұрланған телефондарын қайта көретінін күтпеген.
"Үш ай бұрын телефонымды жоғалтып алып едім. Арыз жазған жоқпын. Кеше полиция қызметкерлері хабарласып, телефоным табылды деді. Бүгін келіп, телефонымды алдым. Шынымды айтсам, күтпедім. Полиция қызметкерлеріне көп рақмет", - дейді қала тұрғындары.