13 жастағы қызды зорламақ болған - Түркістан облысында әкім орынбасары күдіктіні ұстады

Ер адам 20 жылға түрмеге тоғытылуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik
АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Асылжан Қалдарбеков күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлына алғыс айтып, сыйлық табыстады. Ол Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта жасөспірім қызды зорламақ болған тұрғынды ұстаған.
Түркістан облысында қызды зорламақ болған күдікті
Оқиға бірнеше күн бұрын болды, деп жазды Polisia.kz.
"Жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Қыз үйіне ертерек бармақ болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалған. Осы сәтте үйіне жалғыз қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың соңына белгісіз ер адам түскен. Шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан. Онымен қоймай бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатқан. Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайлаған. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асыққан", – деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаментінде.
Осы кезде екі адамның арпалысып жатқан бейнесін Сүйіндік Сейітжаппарұлы байқап, бірден көмекке ұмтылған. Жүгіріп келе жатқан адамды көрген күдікті қаша жөнелген.

"Күдікті мені көрді де қашты. Бірақ оның жас қызға тиіспек болғанын білгеннен кейін ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрден кейін ақыры ұстадым. Полиция шақырып, оны тапсырдық", – деді Сүйіндік Сейітжаппарұлы.

Айтуынша, қазіргі уақытта қыздың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі ("Зорлау") және 24-бабы 3-бөлігі ("Қылмысқа дайындалу және оқталу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ер адам 20 жылға түрмеге тоғытылуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.